АСТАНА, 15 наурыз – Sputnik. Қазақстанда судьяларға қатысты арнайы жедел-іздестіру шараларын тек бас прокурордың санкциясымен ғана жүргізу көзделіп отыр, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
Сенаттың жалпы отырысында "Қазақстан Республикасының сот жүйесі және судьяларының мәртебесі туралы" Конституциялық заңына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" Конституциялық заң жобасы бірінші оқылымда қаралды.
Сенат депутаты Андрей Лукиннің айтуынша, бүгінде құқық қорғау органдарының судьяларға ықпал етудің өз тетіктері бар. Олар қылмыстық іс қозғамай-ақ кез келген судьяға қарсы арнайы жедел-іздестіру шараларын жүргізуге құқылы. Бұл үшін облыс прокурорының санкциясын алу жеткілікті.
"Осы сәттен бастап күштік орган судьяны тыңдап, ол жайлы және жеке өмірі жайлы мәлімет жинай алады. Сол себепті судьялардың олардан қорқуына негіз бар. Сенатта заң жобасын талқылай келе судьяларға қатысты арнайы жедел-іздестіру шараларын тек бас прокурордың санкция беруімен ғана жүргізуге болатыны анықталды. Сондықтан бұл кепілді Конституциялық заң деңгейінде бекіту ұсынылып отыр", - деді Лукин.
Оның айтуынша, бұл норма судьялардың тәуелсіздігін нығайтады.
Сенат депутаттары аталған заң жобасын бірінші оқылымда мақұлдады.