Солтүстік Қазақстанда үгіт материалдарын жойған екі адамға айыппұл салынды

Sputnik
АСТАНА, 13 наурыз – Sputnik. Солтүстік Қазақстан облысында үгіт материалдарын жойғаны үшін екі адамға айыппұл салынды, деп хабарлады облыстық прокуратура.
Солтүстік Қазақстан облысының прокуратурасы өңірдің азаматтарын Қазақстан Республикасы парламенті мәжілісіне және барлық деңгейдегі мәслихат депутуттарына кандидаттардың үгіт материалдарын бүлдірмеуге шақырды.
"Үгіт материалдарын жойғаны немесе бүлдіргені үшін Қазақстан Республикасы Әкімшілік кодексінің 114-бабы бойынша он бес айлық есептік көрсеткіш (51 750 теңге) мөлшерінде айыппұл салынады", - делінген хабарламада.
Облыста үгіт материалдарын жоюдың екі фактісі анықталды, сол үшін азаматтар әкімшілік жауапкершілікке тартылды.
Прокуратура үгіт материалдарын орналастыру орындары бейнебақылауға алынғанын, құқық бұзушы міндетті түрде жазаланатынын атап өтті.
Мәжіліс сайлауы: Бас прокуратура заңсыз үгіт жүргізу фактілерін анықтады