Қоғам

Қару мен жалған доллар жеткізген: ҰҚК арнайы операция жүргізді

Sputnik
АСТАНА, 13 наурыз – Sputnik. Ұлттық қауіпсіздік комитеті Жамбыл облысының аумағында қару-жарақ пен жалған шетел валютасының заңсыз айналымының жолын кесуге бағытталған арнайы операция жүргізді.
Қылмыстық қару мен жалған доллар сатудың жасырын арнасын жолға қойған қылмыстық схеманың ұйымдастырушысы ұсталды.
ҰҚК арнайы операция алдында ұзақ уақыт жедел зерделеу жұмысын жүргізген. Нәтижесінде атқыш қару, оқ-дәрі, сонымен қатар жалған америкалық банкноттарды әкелудің тұрақты қылмыстық жүйесі анықталып, құжаттандырылды.
Қаскөй жасырыну шараларын қатаң сақтап, заманауи техникалық байланыс құралдарын пайдаланған. Осыған байланысты оның қылмысын әшкерелеу біраз қиындық тудырды.
"Күдіктінің заңға қайшы әрекеті еліміздің қоғамдық-экономикалық қауіпсіздігіне қатер төндірген. Дер кезінде қабылданған шаралар нәтижесінде қылмыстық бизнес жойылды", - деп мәлімдеді ҰҚК баспасөз қызметі.
Заңсыз айналымнан 4 бірлік қару: "Калашников" автоматының жетілдірілген түрлері, тіркелмеген тегіс ұңғылы мылтықтар, 450 астам оқ-дәрі және аса ірі көлемде жалған АҚШ доллары тәркіленді.
Ұсталған адам қылмысын мойындады. Ол ҚПК 128-бабы негізінде сот санкциясымен 2 айға тергеу изоляторына қамалды.
Жедел-тергеу шаралары жалғасуда.