АСТАНА, 13 наурыз – Sputnik. 17-18 наурызда Ұлыбритания және Солтүстік Ирландия Құрама корольдігінің сыртқы істер, достастық және даму министрі Джеймс Клеверли Қазақстанға сапармен келеді. Бұл туралы сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Айбек Смадияров мәлімдеді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
"2023 жылғы 17-18 наурызда Ұлыбритания және Солтүстік Ирландия Құрама корольдігінің сыртқы істер, достастық және даму министрі Джеймс Клеверлидің Қазақстанға сапары өтеді. Астанада Джеймс Клеверли президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың, премьер-министрдің Әлихан Смайыловтың қабылдауында болады", - деді Смадияров апта сайынғы брифингте.
Сонымен қатар Клеверли Қазақстан сыртқы саяси ведомствосының басшылығымен келіссөздер жүргізеді.
Сапар аясында британиялық министр Астанадағы саябақтардың бірінде II Елизавета атындағы сквердің ашылу рәсіміне қатысады.
Былтыр қыркүйекте Астананың орталық саябағындағы гүлзарлардың біріне ІІ Елизавета патшайымның есімі берілетіні хабарланған болатын. Мұндай шешімді президент Қасым-Жомарт Тоқаев қабылдаған.