Әлем

Тоқаев ІІ Елизавета патшайымның қайтыс болуына байланысты көңіл айтты

© Sputnik / Абзал КалиевАқорда
Ақорда - Sputnik Қазақстан, 1920, 09.09.2022
Жазылу
НҰР-СҰЛТАН, 9 қыркүйек – Sputnik. Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлыбритания және Солтүстік Ирландия королі ІІІ Карлға анасы II Елизавета патшайымның қайтыс болуына байланысты көңіл айту жеделхатын жолдады, деп хабарлайды Ақорда.
Мемлекет басшысы Қазақстан халқының және жеке өзінің атынан Король ІІІ Карлдың, корольдік отбасы мен барлық британдықтың қайғысына ортақтасып, көңіл айтты.
Президент елді 70 жыл бойы басқарған ІІ Елизавета патшайымның аса көрнекті көшбасшы, ұлы британ халқының бірлігі мен табандылығының символы болғанын атап өтті.
"Оның даналыққа, мейірімге және жігерге толы басшылығы Біріккен Корольдіктің одан да тұрақты, алуан түрлі және өркендеген қоғам құру жолында қарқынды дамуына өз септігін тигізді. Ол халықаралық қауіпсіздік пен орнықты дамуды нығайтуға бағытталған күш-жігерді ілгерілетуде көшбасшы болды. Оның тектілігі, қадір-қасиеті мен орасан зор жетістігі әлемдегі миллиондаған адамды жігерлендіре түсетініне, ал мол мұрасы өскелең ұрпақтың жүрегінде мәңгі сақталатынына сенімдімін", – делінген жеделхатта.
Еске салсақ, 8 қыркүйекте ІІ Елизавета Шотландиядағы Балморал сарайында қайтыс болды. Осыған байланысты Ұлыбританияда 10 күндік аза тұту күні жарияланды.
Патшайым Виндзор сарайының аумағындағы әкесінің (король VI Георг) мемориалдық шағын шіркеуінде жерленеді.
Айта кетері, патшайым таққа 1952 жылы 25 жасында отырған еді.
Жаңалықтар
0