АЛМАТЫ, 11 наурыз – Sputnik. Маңғыстау облысында "АКТС" ЖШС қызметкерлері ереуілге шықты, деп хабарлады Lada.kz.
Аудандық соттың шешімімен "АКТС" ЖШС-нің ереуілге шыққан 67 қызметкерінің ісі заңсыз деп танылды. Қазіргі уақытта сотқа "Трансабис" және "Techno Trading LTD" қызметкерлерінің ереуілдеріне қатысты талаптар енгізілді.
Еңбек кодексінің талаптарына сәйкес жұмыскерлер ереуілді жалғастырған жағдайда жұмыс беруші еңбек шартын бұзуға құқылы.
Өткен жылы соттар 17 ереуілді заңсыз деп таныды, оған қатысқаны үшін әртүрлі кәсіпорындардың 137 қызметкері жұмыстан шығарылды.
Облыс бойынша ресми түрде 17 мың жұмыссыз тіркелген.
Естеріңізге сала кетейік, 9 наурызда "Жетібай" кен орнында "Ақтаукрантехсервис" ЖШС және "ТрансАбис"ЖШС көлік кәсіпорындарының 96 қызметкері жұмысқа шықпады. Ереуілшілер жұмыс берушілерге жалақыны көтеру, ұзақ мерзімді еңбек шартын жасасу, еңбек жағдайларын жақсарту және үш көлік компаниясын бір кәсіпорынға біріктіру сияқты бірқатар талап қойған.