АСТАНА, 10 наурыз – Sputnik. Талдықорғанда Алматы облыстық полициясының бұрынғы бастығы Серік Күдебаевтың соты кейінге шегерілді. Анықталғандай, сотталушы кенеттен өзін жайсыз сезініп, ауруханаға түсіп қалған.
Бұл ақпаратты сот процесінде генерал Күдебаевтың мүддесін қорғап жүрген адвокат Руслан Баймақов растады.
"Қорғалушының денсаулығына байланысты сот кейінге шегерілді. Алдын ала мәлімет бойынша процесс 16 наурызда қайта жанданады. Қазір біздің қорғалушы ауруханада жатыр", - деп мәлімдеді Баймақов.
Адвокат Серік Күдебаевтың қандай диагнозбен және қандай медициналық мекемеге жатқызылғанын нақтылаған жоқ.
Еске салсақ, 5 қаңтардан бері Талдықорғанда Алматы облысы полиция департаментінің бұрынғы бастығы Серік Күдебаевқа қатысты сот өтіп жатыр. Ол қаңтар оқиғасы кезінде тиісті шара қабылдамағаны және лауазымдық өкілеттігін асыра пайдаланғаны үшін айыпталуда. 28 қаңтарда облыстық сотта тараптардың жарыссөзі өтті. Отырыс барысында мемлекеттік айыптаушы Күдебаевты 9 жылға бас бостандығынан айыруды сұраған болатын.