АСТАНА, 9 наурыз – Sputnik. Ауыл шаруашылығы министрлігі ішкі нарықты қамтамасыз ету үшін бидай жеткілікті екенін мәлімдеді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
АШМ Егіншілік департаментінің директоры Азат Сұлтановтың айтуынша, қазір астық түсімі бойынша болжам жасауға әлі ерте, өйткені бидай өсетін негізгі өңірлерде егіс науқаны әлі басталмаған. Егу жұмыстары мамыр айында жаппай жүргізіледі.
"Егіс жұмыстары аяқталғаннан кейін, түсім қалай болатыны болжанады. Бірақ жалпы алғанда дәнді дақылдар өндірісі, атап айтқанда, бидай бізде ішкі нарықты қамтамасыз ету үшін жеткілікті. Яғни біз астықсыз қалмаймыз", - деді Сұлтанов орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында.
Сондай-ақ ол астық пен ұн экспорты бойынша да болжам жасай алмайтынын айтты. Оның сөзінше, Қазақстан әдетте 6-7 млн тонна астық пен 1,5-2 млн тонна ұнды экспортқа жөнелтеді.
"Былтыр экспорттаушылар үшін айтарлықтай сәтті жыл болды. Біз рекордтық 13,2 млн тонна астық пен ұн экспорттадық. Экспорт географиясы өзгерген жоқ. Егер маркетингтік жылды алсақ, астық эквивалентінде бұл 9,4 млн тонна астық және ұн, бұл да жаман көрсеткіш емес. Мен қазір ағымдағы маркетингтік жыл бойынша айтып отырмын. Ал былтырғы маркетингтік жыл бойынша – астық эквивалентінде 10,6 млн тонна астық және ұн. Егер түсім жақсы болса, еліміздің экспорттық әлеуеті осы дәлізде болжанып отыр", - деді Сұлтанов.