Әйелін ұрған еркектер 10 жылға сотталуы мүмкін

Sputnik
АСТАНА, 9 наурыз – Sputnik. Сенат кейбір қылмыстар бойынша жазаны күшейтуге арналған заңды қабылдады. Соның ішінде тұрмыстық салада жасалатын құқық бұзушылықтар да бар, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
Ішкі істер министрі Марат Ахметжановтың айтуынша, отбасылық-тұрмыстық салада жасалатын құқық бұзушылықтар үшін жауапкершіліктің жүгі артады. Атап айтқанда, денсаулыққа ауыр зиян келтіру (Қылмыстық кодекстің 106-бабы) мен ауырлығы орташа зиян келтіру (Қылмыстық кодекстің 106-бабы) әрекеттері бойынша жаза күшейтіледі.
Жәбір көрген адамның материалдық жағынан тәуелді болғаны да ескеріледі.
"Материалдық немесе өзге де тәуелді адамға қатысты іс-әрекет жасау" деген сараптама белгілері де қаралады. Осылайша, қылмыстың ауырлығы мен санкциялары артады", - деді Ахметжанов сенатта өткен отырыста.
Қылмыстық кодекстің 107-бабы (ауырлығы орташа зиян келтіру) бойынша онша ауыр емес қылмыстар ауырлығы орташа санатқа ауыстырылады. Ал жазасы 3 жылға бас бостандығынан айыруға дейін күшейтіледі. Бұдан бөлек, Қылмыстық кодекстің 106-бабы (ауырлығы орташа зиян келтіру) бойынша жаза өзгереді.
Мәселен, қазіргі кезде денсаулыққа қасақана ауыр зиян келтiргені үшін 3 жылдан 8 жылға дейін бас бостандығын шектеу немесе сол мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған. Оны 6-10 жылға дейін ұзарту жоспарланып отыр.
Айта кетері, бүгін сенат заңды бірден екі оқылымда қабылдады. Құжат президенттің қол қоюна жіберілді.