АСТАНА, 1 наурыз – Sputnik. ҰҚШҰ Бас хатшысы Иманғали Тасмағамбетов Ресей премьер-министрінің орынбасары – индустрия және сауда министрі, ҰҚШҰ-ның әскери-экономикалық ынтымақтастық жөніндегі мемлекетаралық комиссиясының төрағасы Денис Мантуровпен кездесуде әскери-өнеркәсіптік ынтымақтастықты дамыту мәселелерін талқылады. Бұл туралы ұйымның баспасөз қызметі хабарлады.
Тараптардың пікірінше, қауымдастыққа мүше мемлекеттер үшін әскери-өнеркәсіптік ынтымақтастық ҰҚШҰ жұмысының жоғары сұранысқа ие бағыттарының бірі болып табылады.
"Ресейлік қорғаныс өнеркәсібі кәсіпорындары мен Ұйымға мүше мемлекеттердің қорғаныс саласы кәсіпорындары арасындағы тәжірибелік өзара іс-қимылды дамыту үшін қажетті және берік нормативтік құқықтық база құрылды", - деді Денис Мантуров.
ҰҚШҰ Бас хатшысы Иманғали Тасмағамбетов Ұйымда мемлекетаралық шарт мәртебесіне ие алпыстан астам құжат қабылдағанын еске салды. Олардың үштен бірі әскери-экономикалық ынтымақтастықты дамыту мәселесіне қатысты. Тасмағамбетов бұл құжаттарды жүзеге асыратын уақыт келді деп есептейді.
"Қару-жарақ пен әскери техниканы бірлесіп әзірлеу және өндіру, оларға техникалық қызмет көрсету және жөндеу бойынша сервистік орталықтарды құру жөнінде ҰҚШҰ-ға мүше мемлекеттердің әскери-өнеркәсіптік кешені (ӘӨК) кәсіпорындары арасында көпжақты кооперация қалыптастыру бойынша тәжірибелік шараларды жүзеге асыру қажет", - деді ҰҚШҰ Бас хатшысы.
Оның пайымдауынша, әскери-өнеркәсіптік кешен кәсіпорындарының әлеуетін біріктіру дүние жүзіндегі геосаяси жағдайдың шиеленісуінің артуы аясында ерекше өзекті болып отыр.
Тасмағамбетов осы жылдың сәуір айының соңында Тәжікстан астанасында өтеді деп жоспарланған Әскери-экономикалық ынтымақтастық жөніндегі мемлекетаралық комиссияның XXI отырысына дайындық жұмыстары туралы да айтты.
Ұжымдық қауіпсіздік шарты ұйымының баспасөз қызметінен хабарлағандай, тараптар сондай-ақ 2024 жылы Ұйымның "Интерполитех" халықаралық ұжымдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету форумы" көрме шарасын өткізуді талқылады.
Ұжымдық қауіпсіздік кеңесінің 2022 жылғы 23 қарашадағы шешіміне сәйкес ұйымдастырылған форум алғаш рет өткізіледі.