АЛМАТЫ, 1 наурыз — Sputnik. Ақмола облысының полицейлері бопсалаушыны қолға түсірді, деп хабарлады Polisia.kz.
Бурабай ауданының 25 жастағы тұрғыны жастардан жүйелі түрде ақша бопсалаған. Бұрын сотты болған күдіктіні ұстау үшін полиция қызметкерлері арнайы жедел іздестіру іс-шараларын жүргізген.
"25 жастағы ақмолалық жәбірленушілерді мобильді қосымшалар арқылы "онлайн – несиелер" рәсімдеуге мәжбүрлеп, кейін ақшаны өзіне алған. Залал сомасы 250 мың теңгеден 1,4 млн теңгеге дейін болған. Щучинск қаласында және Көкшетауда осындай төрт факт болған. Жәбірленушілердің арасында облыс орталығының жеке кәсіпкері де бар, одан күдікті қоқан-лоқы көрсетіп, 1,4 млн теңге бопсалаған", - деп мәлімдеді ведомство.
Қазіргі уақытта "Бопсалау" бабымен қылмыстық іс қозғалып, зардап шеккен басқа азаматтар анықталып жатыр. Күдікті қамауға алынды.