БҚО-да тікұшақ апатынан зардап шеккендердің жағдайы тұрақты – дәрігер

Sputnik
АСТАНА, 28 ақпан - Sputnik. Батыс Қазақстан облысында "Қазавиақұтқару" тікұшағы апатынан зардап шеккен екі адам ауруханада әлі де емделіп жатыр.

"Науқастардың жағдайы тұрақты, біртіндеп жақсарып келеді. Ауыр жарақат жоқ. Ота жасалмады. Ақыл-есін біледі, тамақ жей алады, сөйлеседі", - деп хабарлады облыстық денсаулық сақтау басқармасы "Мой город" басылымына.

Бұған дейін Орал көпсалалы ауруханасының қабылдау бөлімінің меңгерушісі Еркін Ақбалин тікұшақ апатынан түскен науқастардың жағдайы туралы айтқан болатын.
Олар мидың жабық жарақаты, мидың шайқалуы, париеталды және окципиталды аймақтардың көгерген жарасы диагнозымен нейрохирургия бөлімінде емделген. Сондай-ақ бір науқастың ернінің жоғарғы және төменгі бөлігі жараланған.
Еске сала кетейік, "Қазавиақұтқару" тікұшағы 23 ақпанда Чапурино елді мекенінен алты шақырым жерде құлаған болатын. Тікұшақ магистральды мұнай құбырын айналып өту кезінде апатқа ұшырады. Бортта болған алты адамның төртеуі оқиға орнында көз жұмып, екеуі жараланған болатын.
БҚО-да апатқа ұшыраған тікұшақтың техникалық ақауы болмаған – министр