Алматыда арнайы операция кезінде қылмыстық топ ұсталды – видео

Sputnik
АСТАНА, 27 ақпан – Sputnik. Алматы қаласында есірткі сатумен айналысатын қылмыстық топ ұсталды, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан Polisia.kz порталына сілтеме жасап.
Арнайы операция кезінде бес ер адам қолға түсті. Барлығы Жамбыл облысындағы Шу ауданында туған.
"Күдіктілер қаланың әр жерінде ұсталды. Мәселен, Қалқаман шағын ауданында 46 жастағы А. есімді азамат құрықталды. Тінту кезінде одан сығымдалған гашиш заты салынған төрт бума, 1 млн 150 мың теңге көлеміндегі қолма-қол ақша және ішкі істер органдары зейнеткерінің жалған куәлігі тәркіленді. Үйінен тағы 4 келіден астам гашиш пен металл таразылар табылды", - дейді полицейлер.
Қылмыстық топтың тағы бір мүшесі – 40 жастағы ер адам да ішкі істер органдары зейнеткерінің жалған куәлігін ұстап жүрген. Арнайы операцияның нәтижесінде жалпы салмағы 34 келіге жуық гашиш тәркіленді. Күдіктілер қамауға алынды. Қазіргі уақытта есірткіні пайдаланушыларды анықтау жұмыстары басталды.
Қоғам
Астана тұрғыны бірнеше өңірге есірткі жеткізіп тұрған: полиция күдіктіні ұстады