АСТАНА, 26 ақпан – Sputnik. Сенбі күні Түркияның қауіпсіздік күштері жер сілкінісінен кейін бірде-бір бүтін ғимарат қалмаған Газиантеп провинциясындағы Нұрдагы қаласының мэрі Оккеш Кавакты ұстады, деп хабарлайды Sozcu газеті.
Газеттің ақпаратынша, бейсенбі күні Мерсинде жер сілкінісіне шыдамаған ондаған үйдің құрылыс жұмыстарына жетекшілік еткен Юнус Кая ұсталды. Сонымен бірге ол қалалық кеңестің депутаты және құрылыс комиссиясының қызметкері. Жауап алу кезінде шенеуніктің Нұрдагы мэрінің ағасына тиесілі компаниямен бірнеше ортақ жобасы бар екені белгілі болды.
"Тергеу шаралары аясында Нұрдагы қаласының әкімі Оккеш Кавак ұсталды", - деп жазды басылым.
Жалпы Газиантепте жер сілкінісінен кейін опырылып құлаған үйлердің жөнсіз құрылысына қатысты жүргізілген тергеуге байланысты 22 адам ұсталып, 80-ін қамауға алу туралы санкция берілді.
Жұма күні Нұрдагыда құрылыс жұмыстары басталып, мамандар 855 пәтердің іргетасын қалауға кірісті.
Бұған дейін билік жер сілкінісінен қатты зардап шеккен Түркияның Газиантеп провинциясындағы Нұрдагы қаласы толығымен бұзылып, қайта салынады деп мәлімдеген болатын. Түрік ақпарат құралдарының мәліметінше, қала тұрғындарының саны кемінде 40 мың адам болған.