Оқиға

Азаматтық авиация комитеті Астана - Шымкент рейсі неге ұшпағанын түсіндірді

Sputnik
АСТАНА, 26 ақпан - Sputnik. Азаматтық авиация комитеті елорда әуежайында жанжал тудырған Fly Arystan әуе компаниясының Астана - Шымкент рейсі неге ұшпағанын түсіндірді.
Азаматтық авиация комитетінің мәліметі бойынша, КС-7307 Астана-Шымкент рейсі 25 ақпанда сағат 05.40-қа жоспарланған. Ауа райының күрт бұзылуына байланысты (Шымкент әуежайындағы екпінді жел) рейс кейінге шегерілді, кейін ұшпайтын болды. Жолаушыларға өзгерістер туралы тиісті хабарламалар жіберілген.
Қолданыстағы заңнамаға сәйкес, ұшуды күту кезінде жолаушыларға салқын сусын мен ыстық тамақ ұсынылған. Сондай-ақ өтініш білдірген барлық жолаушыға билет ақысы толық қайтарылған.

"Сонымен бірге Азаматтық авиация комитеті мен Авиация әкімшілігі бұл факті бойынша қосымша тексеру жүргізеді. Әуе компаниясы тарапынан заңбұзушылықтар анықталса, тиісті шара қолданылады", - деді комитет өкілдері.

Бұған дейін хабарлағандай, Астана - Шымкент рейсінің жолаушылары әуежайда жанжал шығарып, жеке заттарын, сөмкелерін және суы бар пластик бөтелкесін лақтырған.
Жолаушылардың біріне қатысты "Соққыға жығу" және "Ұсақ бұзақылық" баптары бойынша әкімшілік хаттамалар толтырылды.
Қоғам
Астана әуежайындағы жанжал: рейс жолаушысы жазаланды