АСТАНА, 25 ақпан – Sputnik. Қазақстандық фермерлер 1 ақпаннан бастап gosagro.kz порталында жалпы сомасы 17,1 млрд теңге субсидия алуға 3067 өтінім берді.
Қазіргі таңда 134,6 млн теңгеге өтінім мақұлданып, оның 20 млн теңгесі ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерге төленді, деп хабарлайды ауыл шаруашылығы министрлігі.
Жүйеде "күту парағы" тетігі іске қосылған, онда бюджеттің болуына қарамастан реттік нөмір беріліп, мақұлданған өтінімдер келіп түседі. Осылайша, бюджет фермер тарапынан қосымша іс-әрекетсіз тек "күту парағындағы" өтінімдер бойынша автоматты түрде бөлінеді.
"Бұл тәсіл қаражатты бөлудің ашықтығын қамтамасыз етеді және субсидияларды төлеу кезінде адами факторды болдырмайды", - деп атап өтті ведомство.
Сондай-ақ өңір әкімдіктерінің фермерлер алдында 2022 жылы резервке қойылған 4025 өтінім бойынша айтарлықтай берешегі бар. Деректер qoldau жүйесінен ауыл шаруашылығы басқармаларының жеке кабинетіне көшірілді.
Осылайша, инвестициялық субсидиялау және өнімді қайта өңдеу бағыты бойынша жергілікті әкімдіктер былтырғы қарызды өтегеннен кейін ғана жаңа өтінімдерді төлеуге көше алады.
Министрліктің мәліметінше, пайыздық мөлшерлемені субсидиялау бойынша жүйеде 250-ден астам қаржы институты тіркелген. Олар уыл шаруашылығы басқармаларына 1,8 млрд теңге сомасына өтінім берді.