Жөндеу жүргізіледі: Air Astana Астанадағы рейстердің уақыты өзгеретінін ескертті

Sputnik
АСТАНА, 24 ақпан – Sputnik. Air Astana әуе компаниясының баспасөз қызметі елорда әуежайындағы жөндеу жұмыстарына байланысты рейстер кестесіне өзгерістер енгізілетінін айтты.
Ведомствоның мәліметінше, Астана әуежайында 2023 жылдың 15 шілдесі мен 8 тамызы аралығында ұшу-қону жолағын жөндеу жоспарланған.
Әуе компаниясы аталған мерзімде жөндеу жұмыстары күн сайын сағат 11.00-ден 18.00-ге дейін жүргізілетінін атап өтті.
"Air Astana елордадан/елордаға орындалатын рейстер кестесіне қажетті өзгерістер енгізеді. Бұрын осы кезеңге жоспарланған рейстер ерте немесе кеш уақытқа ауыстырылады", - деп хабарлады ведомство.
Уақыты ауыстырылатын рейстердің жолаушыларына тегін қайта брондау немесе билетті сатып алу орнында толық қайтару ұсынылып отыр.
Елорда әуежайының ұшу кестесіндегі өзгерістерді әуе компаниясының сайтынан көріп отыруға болады.