АСТАНА, 24 ақпан – Sputnik. Қазақстан Ұлттық банкінің ақша-кредит саясаты комитеті базалық мөлшерлемені +/– 1 п.т. дәлізімен жылдық 16,75% деңгейінде сақтау туралы шешім қабылдады.
Бұл шешімге Ұлттық банктің жаңартылған болжамдары, деректерді талдау, сондай-ақ инфляция тәуекелдерінің балансын бағалау негіз болған.
"Геосаяси жағдай мен оның салдарының белгісіздігіне, сондай-ақ азық-түліктің әлемдік бағасының жоғары болуына байланысты сыртқы проинфляциялық факторлар сақталып отыр", - деп хабарлады Ұлттық банк.
Инфляцияның ішкі тәуекелдері ішкі сұраныстың орнықты болуына, логистикалық және өндірістік тізбектердің қайта құрылуына, ынталандырушы фискалдық саясатқа және әлі де жоғары қалыптасып отырған инфляциялық болжалға байланысты.
Факторлардың жиынтық балансы орта мерзімді болашақта инфляцияны төмендету үшін 2023 жылдың бірінші жартысында базалық мөлшерлемені ағымдағы деңгейде ұстап тұру қажеттілігін негіздейді, деп түсіндірді Ұлттық банк өз шешімін.
2023 жылғы қаңтарда жылдық инфляция өсу қарқынын жалғастырып, 20,7% болған.
Бұған дейін базалық ставкаға қатысты шешім 13 қаңтарда қабылданған болатын. Ол кезде де Ұлттық банк мөлшерлемені 16,75% деңгейінде сақтады.
Айта кетері, Қазақстанда соңғы рет базалық ставка 5 желтоқсанда жылдық 16%-тен 16,75%-ке дейін көтерілді.
Базалық мөлшерлеме бойынша кезекті жоспарлы шешім 2023 жылғы 7 сәуірде Астана уақытымен сағат 12:00-де жарияланады.