Экономика

Базалық ставканың өсуі халықтың өміріне қалай әсер етеді – сарапшылар пікірі

© Sputnik / Сергей Венявский / Медиабанкке өтуАрхивтегі сурет
Архивтегі сурет - Sputnik Қазақстан, 1920, 18.11.2022
Жазылу
АСТАНА, 17 қараша – Sputnik. Халықты қымбатшылық қысып барады. Соңғы ақпаратқа сүйенсек, Қазақстанда жылдық инфляция 18,8%-ке жеткен. Азық-түлік инфляциясы, тіпті 23%-тен асты. Алқымнан қысқан қымбатшылыққа тұсау болу үшін өткен айда Ұлттық банк базалық ставканы жылдық 14,5%-тен 16%-ке дейін көтерді.
Мөлшерлеменің өсуі қарапайым қазақстандықтардың өміріне қалай әсер етеді? Инфляцияның баяулауы шынымен базалық ставкаға байланысты ма? Sputnik Қазақстан тілшісі осы және өзге де сұрақтардың жауабын сарапшылардан сұрап білді.

Бюджет шығыстарының инфляцияға әсері

Экономист Мадияр Кенжеболаттың айтуынша, инфляцияның шарықтаған кезінде базалық мөлшерлемені көтеру – Ұлттық банктің экономикаға әсер етудің бірден бір тетігі. Бұл монетарлы саясат деп аталады. Бірақ сол ставканың өзі монетарлық факторлардың көбіне әсер етпейді. Атап айтқанда, проценттік мөлшерлеменің трансмиссиялық механизмі нашар жұмыс істейді.
"Трансмиссиялық механизм дегеніміз базалық ставканың экономикадағы барлық басқа ставкаға әсері. Яғни, сіз базалық мөлшерлемені көтергенде немесе төмендеткенде, тиісінше экономикадағы барлық ставка өзгеруге тиіс. Ал біздің елде мұнымен проблема бар. Біздің экономикамызда басқа ставкалар көп. Мысалы, ауыл шаруашылығын субсидиялаймыз, арзан ипотекалық бағдарламалар бар. Базалық мөлшерлеме сайып келгенде олардың бәріне ықпал етпейді", - дейді сарапшы.
Елдегі инфляцияға үкіметтің қаржы министрлігі арқылы жүзеге асыратын фискалды саясаты да әсер етеді. Биыл қасіретті қаңтар оқиғасынан, геосаяси ахуалдан ел экономикасына түскен үлкен салмақтан бюджеттің шығыстары әжептәуір артты. Ал бұл түптеп келгенде инфляцияның өсуіне жәрдемдесті.
"Қарапайым халыққа, әсіресе кәсібі бар азаматтарға базалық ставканың өскені тиімсіз. Өйткені кредит қымбаттайды. Бірақ депозиттердің мөлшерлемесі көбейеді. Экономика инвестицияға емес, ақша жинауға жұмыс істейді. Сол себепті базалық ставка жоғарылағанда бәлен пайызбен несие алғаннан гөрі, ақшаңызды депозитте сақтап, үстінен пайда көрген тиімді", - деп кеңес берді Кенжеболат.
Бұл ретте сарапшы жоғары базалық ставка ұзақмерзімді кезеңде экономикалық өсімге теріс әсер тигізетінін атап өтті. Яғни, елдің жалпы ішкі өнімі төмендейді.
Айтуынша, инфляцияның жоғары болуына әсер еткен ең үлкен фактор – геосаяси шиеленіс. Украинадағы соғыстан логистика тізбегі үзілді. Қазақстанға көп дүниенің бәрі Ресей порттары арқылы тасымалданатын. Қазір логистикадағы қиындықтан, сырттан келетін тауарлар қымбаттап жатыр. Мұндай сыртқы факторларға, өкінішке қарай, Ұлттық банк әсер ете алмайды.

Арзан ипотекаға жұмсалатын ақшаны құрылысқа бағыттау керек

Экономист Арман Бейсембаевтың айтуынша, Ұлттық банк базалық мөлшерлемені өсіру арқылы ақша құнын көтергісі, яғни оны қымбатырақ еткісі келеді. Ақшаның қымбат құны – біріншіден, қымбат несие, ал екіншіден – қымбат депозит.
"Бұл өз кезегінде іскерлік белсенділіктің бәсеңдеуіне алып келер еді. Себебі жоғары ставканы көрген бизнес те, халық та қымбат кредит алудан бас тартады. Ақшаны оңды-солды жұмсағанша, керісінше, оны депозитте сақтауға тырысады. Өйткені теңгедегі депозиттер бойынша кірістілік жоғары. Нәтижесінде нарықта тұтынушылар тарапынан сұраныс та төмендейді. Осылайша инфляция бірте-бірте қалпына келеді деген үміт бар. Ұлттық банк базалық ставканың мөлшерін көтеру арқылы осыны көздеп отыр", - деп түсіндірді сарапшы.
Десе де, оның пікірінше, Ұлттық банктің бұл қадамы күткен нәтиже бермейді. Себебі үкімет пен Ұлттық банктің саясаты бір-бірімен толық келісілмеген. Қазақстанда жеңілдетілген автокредит, жеңілдетілген ипотекалық бағдарламалар бар. Үкімет соларға бюджеттен қыруар қаржы бөліп, экономикаға құяды. Ал мұның бәрі Ұлттық банктің инфляцияны тежеудегі жұмысын жоққа шығарады.
"Логика бойынша мұндай мемлекеттік бағдарламаларды жауып, тоқтату керек. Халық несие алғысы келсе, нарықтық ставкамен алсын. Жағдайы жоқ, үйсіз-күйсіз жүрген әрбір азаматқа мемлекет атаулы көмек көрсетуі қажет. Әлеуметтік осал топқа жәрдемдесудің жолдары көп. Мысалы, мемлекет құрылыс компаниясынан осындай отбасыға нарықтық бағамен пәтер сатып алып, сыйға тартсын. Бізге арзан ипотека не үшін қажет? Бұл адамдар сол ипотеканы бәрібір ешқашан ала алмайды. Алған күннің өзінде, оны банкке қайтара алмайды. Сондықтан мұндай азаматтарға әрбіріне жеке көмектесу керек. Әлеуметтік мемлекет саясатын әртүрлі жолдармен жүзеге асыруға болады. Бәрін арзан ипотекаға әкеп тіреудің қажеті жоқ", - деп санайды Бейсембаев.
Айтуынша, баспананы қолжетімді етуге бағытталған жеңілдетілген ипотекалық бағдарламалар, керісінше оны қолжетімсіз етеді. Себебі арзан ипотека болған соң, жылжымайтын мүліктің бағасы өсе береді.
Сарапшы мемлекеттік тұрғын үй бағдарламаларына бөлінетін қаражатты тұрғын үй құрылысына беру керек деп есептейді. Өйткені елімізде халық саны жылдан жылға артып жатыр. Ал баспана жетіспейді.
"Арзан ипотекаға жұмсалып жатқан ақшаны құрылысқа бағыттау қажет. Жаппай тұрғын үй салу керек. Әрине, жеңілдетілген ипотеканы мүлде жоғалып кетпеуі шарт, ол қажет, мұнымен келісемін. Бірақ мұны баспаналы болудың жалғыз жолы деп көрсетуге болмайды", - дейді маман.

Теңге бағамына әсері

Экономист Мадияр Кенжеболаттың пікірінше, жоғары базалық мөлшерлеме теңгенің нығаюына мүмкіндік береді.
"Базалық ставка өскен кезде солай болды ғой өзі. Мұның алдында бір доллар 480 теңге шамасында еді, қазір 460 теңгеге дейін түсті. Оның үстіне осы айдың 20-сынан кейін салық кезеңі басталады. Біздің экспорттаушылар салық төлейді. Ал салық төлеу үшін олар валюталық түсімді сата бастайды. Тиісінше нарықта валюта көбейеді, теңге бағамы нығаяды", - дейді сарапшы.

Базалық мөлшерлемені неге төмендетуге болмайды

Мадияр Кенжеболаттың айтуынша, ел арасында "базалық мөлшерлемені төмендету қажет" деп ұрандататын популистер де бар. Бірақ олардың үндеуіне еруге болмайды. Осы орайда маман Түркияны мысалға келтірді.
"Соңғы уақытта Түркияның ұлттық валютасы долларға шаққанда 2,5-3 есе құлдырады. Инфляция да шарықтап барады, қателеспесем, жылдық 80 пайыздан жоғары. Ал біздің елімізде 19 процент шамасында. Былай қарап тұрсаңыз, Түркия сауда жолдарының торабында орналасқан. Азық-түлік емес тауарлардың көбін өздері шығарады. Соған қарамастан инфляциясы өте жоғары, өйткені проценттік ставканы төмендетіп жатыр. Ал біз Түркиядан анағұрлым әлсіз елміз. Егер біз проценттік ставканы төмендетсек, онда инфляция одан әрі жоғарылайды. 20 пайыздан 30 пайызға дейін барады, теңге тіпті құлдырайды, 600-700, тіпті 1000 теңгеге жетуі мүмкін. Сол себепті, менің ойымша, Ұлттық банк мөлшерлемені 16%-ке дейін көтеру арқылы өзінен талап етілген дүниені жасады", - дейді ол.
16 пайызды көп көріп шулап жатқан жұртты да түсінуге болады, дейді Кенжеболат. Себебі жеріміз бай болса да, халқымыз – кедей. Адамдардың көбі қарызбен күн көреді. Банктер беретін несиенің қымбаттағаны қалтаға тағы салмақ түсіреді.
"Бұл байлықты қайта бөлу мәселесі. Ең алдымен, халықтың әл-ауқатын көтеру керек. Қоғам ретінде өндіретін өніміміз теңдей бөлінуі керек", - деп санайды экономист.

Ставка тағы өсе ме

Жуырда Ұлттық банк төрағасы Ғалымжан Пірматов базалық ставкаға қатысты жаңа шешім 5 желтоқсанда жарияланатынын мәлімдеді.
Сарапшы Арман Бейсембаевтың болжамынша, Ұлттық банк мөлшерлемені тағы да көтереді. Оған алғышарт та бар.
"Жаңа жыл қарсаңында жыл сайынғы дәстүрге сай баға құбылады. Адамдардың көбі 13-ші жалақы, бонус, сыйақы алады. Тиісінше халық осы айда ақшаны көп жұмсайды – жақындарына сыйлық жасағысы келеді, мерекелік дастарханға түрлі дәмді-тәтті сатып алады. Ал сұраныстың өсуі тауардың қымбаттауына әкеледі. Бұл қалыпты жағдай. Сондықтан желтолқсан айында елдегі инфляция 20-22 процент болуы мүмкін. Осыны ескерсек, Ұлттық банктің базалық ставканы көтеруден басқа амалы қалмайды", - деді экономист.
Оның пікірінше, базалық ставка кемінде 1,5 пайыздық тармаққа, 17%-ке дейін көтерілуі мүмкін.
Ұлттық банк ғимараты - Sputnik Қазақстан, 1920, 15.11.2022
Экономика
Пірматов базалық ставка жайлы: қажет болса, тағы да көтеруге дайынбыз
Жаңалықтар
0