Түркия Алматыға 30 құтқарушыны оқуға жіберуге дайын

Sputnik
АСТАНА, 24 ақпан – Sputnik. Түркиялық құтқарушылар алматылық әріптестерімен байланысқа шығып, құтқарушыларды оқытуда көмек сұрады.
Түркия Алматыға 30 құтқарушыны оқуға жіберуге дайын, деп хабарлады төтенше жағдайлар министрлігінің республикалық жедел-құтқару жасағының басшысы Владимир Цой.
"Қазақстандық құтқарушылардың кәсіби шеберлігін Түркия азаматтары жоғары бағалады. Кеше ғана AFAD (Түркияның Апаттар және төтенше жағдайларға қарсы күрес басқармасы – Sputnik) бас үйлестірушісі хабарласып, оларды оқытуға, тәжірибе алмасуға келуімізді сұрады. Олар маған Қазақстанға 30 құтқарушы жібергісі келетінін жазып, біздің елде даярлықтан өтуге, сондай-ақ кинологтармен жұмыс істеуді үйренуге ниетті екендерін хабарлады", - деді Цой өңірлік коммуникациялар қызметінің брифингінде.
Ол қазақстандық құтқарушылардың қираған нысандарды бір минутқа да қалдырмай, демалыссыз жұмыс істегенін атап өтті. Бұл кезде түнде ауа температурасы минус 7 градусқа дейін төмендеген.
"Маған түрік әріптестеріміз, жергілікті азаматтар келіп, аудармашы арқылы "қазақтардың ептілігі жоғары, сонда сіздерде үнемі жер сілкінісі бола ма?" деп сұрады. Мен бұл сұраққа біздің елде жақсы мектеп бар деп жауап бердім. Расында да, біз жыл сайын полигонда жиын, жарыс, семинар өткізіп, қирандылар элементтері бар оқу-жаттығуларды ұйымдастырамыз. Үнемі жаттығамыз, тәжірибе алмасамыз. Бұл даярлық Түркияда кәдеге жарады", - деді Владимир Цой.
Қоғам
Тоқаев Түркия мен Сирияда жұмыс істеген құтқарушыларды марапаттады