ПЕТРОПАВЛ, 24 ақпан – Sputnik. Солтүстік Қазақстан облысында полицейлер түнде қар құрсауында қалған балықшыларды құтқарды, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
Тайынша ауданының 24 және 44 жастағы екі тұрғыны өңірдегі ең ірі су қоймаларының бірі – Шағалалытеңіз көліне балық аулауға аттанған. Кешке қарай қарлы боран басталып, олар үйге қайтуды ұйғарғанымен, ВАЗ-2110 көлігі қар құрсауында қалып қойған. Балықшылар түні бойы қар құрсауынан шығуға әрекет жасағанмен, таңертең телефон арқылы көмек сұрады.
"Аудандық полиция бөліміне дабыл түскен кезде учаскелік инспекторлар Ерлан Ибраев пен Талғат Бейсенбаев оқиға орнына аттанды. Көл мен оның аумағын жақсы білетін Чермошнянки ауылының 48 жастағы тұрғыны Николай Долиненко де олармен бірге жолға шықты. Құтқарушы топ балықшыларды тапты", - деп хабарлады облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметі.
Жолды тазалай отырып, қызметтік "Нива" көлігімен тәртіп сақшылары балықшыларды жағаға шығарды.
Сол күні ауыл ақсақалы Солтүстік Қазақстан облысы полиция департаментінің басшысы, полиция полковнигі Айдын Қабдулдиновтың атына жолдаған хатында полицейлер мен жерлесіне алғысын білдірді.