АСТАНА, 24 ақпан – Sputnik. Жамбыл облысының прокуратурасы "Қоспаев" ұйымдасқан қылмыстық тобының мүшелеріне мемлекеттік шекарадан өтуге көмектескен күдікті ұсталғанын хабарлады.
Бұған дейін Қаржы мониторингі агенттігі Қылмыстық кодекстің 249-бабы (рейдерлік) және 262-бабы (ұйымдасқан қылмыстық топ құру және қатысу) бойынша қылмыс жасады деген күдікпен "Қоспаев" ұйымдасқан қылмыстық тобының кейбір мүшелеріне халықаралық іздеу жариялаған болатын.
"Қолда бар мәліметтерге сәйкес, Шалин, Имашев және Қоспаев Жамбыл облысының аумағындағы мемлекеттік шекара арқылы елден шығып кеткен", - делінген хабарламада.
2022 жылғы 10 қарашада Қордай аудандық полиция бөлімі Қылмыстық кодекстің 394-бабы 2-бөлігі (заңсыз көші-қонды ұйымдастыру) бойынша қылмыстық істі тіркеді.
Ал 11 қарашада Қордай ауданы прокурорының қаулысымен полиция және шекара басқармасының тәжірибелі қызметкерлерінен мекемеаралық топ құрылды.
"Прокуратурамен жүргізілген үйлестіру жұмыстарының нәтижесінде жоғарыда көрсетілген тұлғаларды 2022 жылғы 6 тамызда Сортөбе ауылының маңында брод арқылы мемлекеттік шекарадан өткізуді ұйымдастырған жергілікті тұрғын анықталып, ұсталды", - деп мәлімдеді прокуратурадағылар.
Күдікті кінәсін толық мойындаған. Сотқа дейінгі тергеу жұмыстары жалғасуда және прокуратураның бақылауында.
Бұған дейін Қаржылық мониторинг агенттігі іздеуде жүрген Елдос Қоспаев пен оның сыбайластары кәсіпкерлерді қалай тонағанын хабарлаған еді. Тергеу материалдарына сәйкес, қылмыстық топ Алматы қаласының кәсіпкерлерін қорқыту арқылы біраз бизнесті тартып алған. Толығырақ мына сілтемеде.