АСТАНА, 24 ақпан — Sputnik. "QazaqGaz" ұлттық компаниясы кейбір тұтынушылар үшін тарифті көтеру қажеттігін мәлімдеді. Онсыз болашақта газ бағасы күрт көтеріледі, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
Компания төрағасының маркетинг жөніндегі орынбасары Арман Қасеновтың айтуынша, соңғы жеті жылдың ішінде ішкі нарықта газ тұтыну көлемі екі есеге өсті. Болжамға сәйкес, 2030 жылға қарай бұл көрсеткіш 40 млрд текшеге жетеді. Ал QazaqGaz одан табыс көріп отырған жоқ, керісінше шығынға жұмыс істеп жатыр. Қазіргі кезде ішкі нарықтың шығыны экспортпен өтеледі.
"Мысалы, қазір былай болып тұр. Газдың бір тоннасын орташа есеппен 13 750 теңгеге сатып алады. Тасымалдау шығыны – 11 459 теңге. Сонда газдың көтерме бағасы 25 209 болуы керек. Бірақ қазір бір тоннасы 15 419 теңгеден сатылады. Осылайша әрбір текшеден 10 теңге шығын келеді", - деді Қасенов қоғамдық кеңестің бүгінгі отырысында.
Оның сөзіне қарағанда, компанияға табыс түссе, қосымша газ көлемін өндіруге мүмкіндік болады.
"Олай істемесек, жақын арада ішкі нарықта газдың бағасы бір уақытта күрт көтеріледі. Басқа жол жоқ", - деп атап өтті Қасенов.
Осыған байланысты QazaqGaz ірі коммерциялық тұтынушылар мен цифрлық майнингпен айналысатындар үшін бөлек тариф енгізуді ұсынып отыр. Себебі олар арзан газдың есебінен біраз ақшасын үнемдейді.
"Егер осыны іске асырмасақ, онда тұтынушылардың барлық санатына салмақ түседі. Олардың ішінде қарапайым халық, жылу электр станциялары бар", - дейді Қасенов.
Айта кетері, "QazaqGaz" ұлттық компаниясы бұған дейін газды тұтынудың "әлеуметтік минимумын" енгізу бастамасын көтерді.