АСТАНА, 23 ақпан – Sputnik. Ресейлік дәрігер-реабилитолог Сергей Агапкин қант диабетіне шалдыққан адамға физикалық жүктемеге тыйым салынады деген түсінікті жоққа шығарып, дене шынықтырудың пайдасы туралы айтып берді.
Агапкиннің айтуынша, бұл аурумен ауыратын көптеген науқас физикалық жаттығулар зиянды деген пікірді ұстанады. Дегенмен шын мәнінде, физикалық белсенділік диабетпен ауыратындар үшін пайдалы, дейді ол.
"Дәл осы физикалық белсенділік бұлшықет тінінің инсулинге сезімталдығын жақсартады. Бұл өте маңызды, өйткені ол тіпті бірінші типтегі қант диабетімен ауыратын адамдарға инсулин мөлшерін азайтуға мүмкіндік береді", - деп түсіндірді Агапкин.