Өзбекстан Ақтау порты арқылы Еуроодақ елдеріне жүк тасымалдауы мүмкін

Sputnik
АСТАНА, 20 ақпан – Sputnik. Өзбекстан билігі Транскаспий халықаралық көлік бағдары аясында Ақтау порты арқылы Еуропаға жүк тасымалдауды жандандырмақ, деп хабарлады дүйсенбіде Өзбекстан сыртқы істер министрлігінің "Дуне" ақпарат агенттігі.
Агенттіктің хабарлауынша, Өзбекстанның Ақтаудағы бас консулы Атабек Тұрсынбеков пен "Ақтау теңіз сауда порты" ҰК" АҚ басқарма төрағасы Абай Түрікпенбаев қазақстандық теңіз айлағы арқылы өзбек өнімдерін Еуропаға экспорттау мәселесін талқылады.
"Ақтау теңіз сауда портының басшысы Ақтау теңіз сауда порты арқылы тауарларды ауыстырып тиеу үшін өзбек экспорттаушыларының өтінімдерін қабылдауға және оларға арнайы жеңілдік ұсынуға дайын екенін білдірді", - деп жазылған "Дуне" сайтының хабарламасында.
Түрікпенбаев порттың мүмкіндіктерін кеңейту болашақта өзбек кәсіпкерлері үшін еуропалық нарыққа шығудың балама жолы болатынын айтты.
Қазақстандық тараптың пікірінше, порт транзиттік және контейнерлік тасымал арқылы қызметтерді әртараптандыруды қоса алғанда, өз мүмкіндіктерін арттырып, Транскаспий халықаралық көлік бағдарының бір бөлігіне айналып жатыр.