АСТАНА, 21 ақпан – Sputnik. Қазақстанда кәмелетке толмаған балаларға төлқұжат беру үшін мемлекеттік баждың мөлшерін екі есе төмендету ұсынылды. Тиісті өзгерістерді Салық кодексіне енгізу жоспарланып отыр.
Сенаттың қаржы және бюджет комитетінің депутаттары кеңейтілген отырыста "Салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер туралы" Кодекске (Салық кодексі) және "Салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер туралы" Кодексті қолданысқа енгізу туралы" заңға өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" заң жобасын талқылады.
Құжатта кәмелетке толмағандарға төлқұжат бергені үшін мемлекеттік бажды 8 АЕК-тен (27 600 теңге) 4 АЕК-ке (13 800 теңге) дейін төмендету ұсынылған.
Сондай-ақ заң жобасында сотқа жүгінетін кезде борышкер адам үшін 0,3 АЕК (1 035 теңге) мөлшерінде мемлекеттік баж мөлшерлемесі белгіленген. Бұдан бөлек, жеке тұлғаның төлем қабілеттілігін қалпына келтіру, соттан тыс немесе сот арқылы банкроттық рәсімдерін қолдану үшін сотқа жүгінген кезде өсімпұлды есептеуді тоқтата тұру және соттың теріс шешімі болған кезде оны қайта жаңарту көзделіп отыр.
Заң жобасында сонымен қатар мемлекеттік орман қоры жерлерін және ерекше қорғалатын табиғи аумақтар жерлерін қоспағанда, барлық санаттағы жердің өсімдіктер дүниесін пайдаланғаны үшін төлемақы енгізу көзделеді.