Еріген қар суы тоған арнасынан тасыған: Ұзынағашта үш бала құтқарылды

Sputnik
АЛМАТЫ, 19 ақпан - Sputnik. Алматы облысы Жамбыл ауданы Ұзынағаш ауылында үш бала құтқарылды, деп хабарлайды төтенше жағдайлар министрлігі.
18 ақпанда сағат 18.15-те Алматы облысы ТЖД кезекші бөліміне көмек сұрап тұрғындар хабарласқан. Олардың айтуынша, "Аманат" мал базарының сырт жағында еріген қар суы тоған арнасынан тасып, кәмелетке толмаған үш бала елді мекеннен жырақта қалып қойған.
"Оқиға орнына дереу төтенше жағдайлар департаментінің қызметкерлері барды. Еріген қар суы арнасынан көтеріліп кетіп, алаңда ойнап жүрген балалар үйіне қайта алмай қалған. Жамбыл ауданы ТЖБ қызметкерлері мен техникасының күшімен балалар қауіпсіз жерге эвакуацияланды", - деп хабарлады ведомство.
Құтқарушылар ата-аналарға кәмелетке толмаған балаларды қараусыз қалдырмауға кеңес береді.