АСТАНА, 17 ақпан – Sputnik. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев "Кедендік әкелу баждарының (балама қолданылатын өзге де баждар, салықтар мен алымдар) сомаларын есепке жатқызу және бөлу, оларды Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттер бюджеттерінің кірісіне аудару тәртібін сақтау мәселелері бойынша бірлескен бақылау іс-шараларын өткізу туралы келісімді ратификациялау туралы" заңға қол қойды, деп хабарлады Ақорда.
Келісімге ЕАЭО елдерінің басшылары 2021 жылдың 16 қарашасында Мәскеуде қол қойды. Бірлескен бақылау іс-шараларын жүргізу тәртібін, кезеңдері мен мерзімдерін, анықталған құқық бұзушылықтарды жою тетігін, сондай-ақ тексеріске қатысушылардың өзара іс-қимылын ұйымдастыру мәселелерін халықаралық шарт деңгейінде бекіту ұсынылып отыр.
Келісім ЕАЭО қызметінің негізгі реттеу тетіктерінің бірі ретінде кедендік әкелу баждарының сомаларын есепке жатқызу және бөлу тәртібін жетілдіреді, сондай-ақ бюджет қаражатын жұмсаудың заңдылығы мен уақытылылығын бақылауға мүмкіндік береді.