Экономика

Қазақстанда жылдық инфляция тағы өсті

Sputnik
АСТАНА, 16 ақпан – Sputnik. Биыл қаңтар айында Қазақстанда жылдық инфляция 20,7%-ке дейін (желтоқсанда – 20,3%) жеделдеді, деп хабарлайды Ұлттық банк.
Инфляция 19 өңірде жеделдеп, тек бір өңірде – Қарағанды облысында ғана баяулаған. Жылдық инфляцияның ең жоғары мәні Астана қаласында, Маңғыстау мен Ақмола облыстарында тіркелді.
Қаңтарда азық-түлік бағасы жылдық мәнде 25,7%-ке (желтоқсанда – 25,3%) өскен. Тауарлар, әсіресе Маңғыстау облысында (31,5%) қатты қымбаттады. Ең төмен көрсеткіш – Алматы облысында (23,8%).
Ал азық-түлікке жатпайтын тауарлар инфляциясы 20,2%-ке дейін (желтоқсанда – 19,4%) жетті. Ең жоғарғы мән Астанада (31,7%), төмен мән Алматы облысында (15,9%) тіркелді.
Сондай-ақ өткен айда ақылы қызметтер бағасы 14,2%-ке көтерілді. Бұл ретте Ақмола облысында (18,4%) баға жалпы республикалық деңгейден жоғары, Алматы облысында (11,4%) біршама төмен болды.
"2023 жылғы қаңтарда елде айлық инфляция баяулады, өсімі 1,1%-ті құрады. Бұл соңғы бес жылда қаңтар айындағы инфляцияның орташа мәнінен айтарлықтай жоғары", - дейді Ұлттық банктегілер.