Қоғам

Қазақстан Түркияға қосымша 55 тонна гуманитарлық көмек жөнелтеді

Sputnik
АСТАНА, 15 ақпан – Sputnik. Қазақстан үкіметі Түркияға тағы 55 тонна гуманитарлық көмек жібереді.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес Қазақстан Түркияға қосымша гуманитарлық көмек көрсетеді. Бұл мәселе премьер-министрдің бірінші орынбасары Роман Склярдің төрағалығымен өткен үкіметтік комиссияның отырысында талқыланды.
"Гуманитарлық көмекте жалпы салмағы шамамен 55 тонна болатын киім-кешек (жылы күртешелер мен шалбарлар), қысқы шатырлар, металл кереуеттер, төсек-орын жабдықтары және басқа да күнделікті қолданысқа қажетті заттар бар", - делінген хабарламада.
Жүк әуе көлігімен Түркияның Газиантеп қаласына жөнелтіледі.
Кеше, 14 ақпанда президент Қасым-Жомарт Тоқаев Түркияға қосымша көмек жіберуді тапсырды.
Бұған дейін Қазақстан жер сілкінісінен зардап шеккен түрік еліне 1 миллион доллар бөлген еді. Бұдан бөлек, қазақстандықтардың өздері ақша жинап, көмек жіберіп отырды. Сондай-ақ, Қазақстанның барлық өңірінде Түркияға гуманитарлық көмек қабылдау пунктері ашылды. 13 ақпандағы жағдай бойынша барлығы 150 тонна жүк жиналған.