АЛМАТЫ, 15 ақпан – Sputnik. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Тамара Дүйсенова мен "Қазақстан халқына" қоғамдық әлеуметтік қорының төрағасы Болат Жәмішев өңірлерде мүгедектігі бар балаларға арналған техникалық оңалту құралдары парктерін ашу мәселелерін талқылады, деп хабарлайды еңбек жаны халықты әлеуметтік қорғау министрлігі.
Келіссөз барысында Тамара Дүйсенова мүгедектігі бар балаларға оңалту құралдарының заманауи және күрделі түрлерін уақытша пайдалану мүмкіндігін беру үшін техникалық оңалту құралдары парктерін ашудың маңыздылығын атап өтті.
"Қазақстанда 104,3 мың мүгедектігі бар бала тұрады, оның ішінде 7 жасқа дейінгі 33,7 мың бала, бірінші топтағы мүгедектігі бар 11,1 мың бала және 7 жастан 18 жасқа дейінгі екінші топтағы мүгедектігі бар 22,7 мың бала. Бұл балаларға жиырма жеті медициналық-әлеуметтік мекемеде оңалту қызметтері ұсынылады. Парктерді құру оңалту құралдарының заманауи, қымбат түрлеріне қолжетімділікті кеңейтуге мүмкіндік береді", - деп атап өтті министр.
Өз кезегінде Болат Жәмішев "Қазақстан халқына" қоры техникалық оңалту құралдарының парктерін жарақтандыру үшін қаржылай қолдау көрсетуге дайын екенін айтты.
2023 жылы аталған парктерді құру бойынша пилоттық жобаны іске асыру туралы шешім қабылдады. Жақын арада пилоттық жобаның операторы және қолайлы алаңдар мен өңірлерді анықтау жұмысы басталады.
Пилоттық жоба аясында мамандарды қазіргі заманғы халықаралық қағидаттарына оқыту ұйымдастырылады.