АСТАНА, 15 ақпан – Sputnik. Қазақстанның депозиттерге кепілдік беру қоры салымшыларға 10% мөлшерінде өтемақы (сыйақы) түсетін қолданыстағы ағымдағы шоттың бар-жоғын тексеруді және қажет болған жағдайда оны ашуды ұсынды.
"Теңгедегі депозиттер бойынша сыйақы салымшылардың ағымдағы банк шотына аударылады. Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінің (Отбасы банк) депозиторларына келетін болсақ, 10 пайыздық сыйақы олардың жинақ шотына түседі", - делінген хабарламада.
Банктер 2023 жылдың 10 ақпанында өтемақы төлеуге өтініш қабылдауды аяқтады. Қор салымшыға 10% сыйақыны депозит ашылған банк төлейтінін атап өтті. Төлемдер 2023 жылдың 23 ақпанынан кейін түседі. Сол күні Теңгедегі салымдарды қорғау бағдарламасы аяқталады. Салымшы 2023 жылдың 24 ақпанынан бастап өтелетін салымнан қаражатты ішінара немесе толық алуға құқылы.
Сыйақы 2022 жылғы 23 ақпаннан 2023 жылғы 23 ақпанға дейін шотта болған ең төменгі сомаға есептеледі, бірақ 2 млн теңгеден аспайды.
Толығырақ ақпаратты банктерден білуге немесе сұрақтарыңызды поштаға жіберуге болады немесе info@kdif.kz, @kdif_ask Telegram-чатына жазып, 1460 тегін нөмірі арқылы хабарласыңыз.