АСТАНА, 15 ақпан – Sputnik. Полицейлер Астана мешітінде ұрлық жасаған 31 жастағы ер адамды ұстады, деп хабарлайды Polisia.kz.
Байқоңыр ауданы ПБ криминалдық полиция қызметкерлері мешіттегі ұрлықты әшкереледі. Жедел-іздестіру шаралары барысында намаз кезінде ақша ұрлаған 31 жастағы ер адам ұсталды.
Тергеу барысында анықталғандай, күдікті Рахимов көшесінің бойындағы мешітке барған. Намаз кезінде ол залдың ең соңғы қатарына жайғасады. Сол сәтте терезенің алдында жатқан күрткелерге көзі түседі. Намазға жиналған жамағаттың байқамай тұрғанын пайдаланып, күрткелердің бірін алып, қалтасын тексере бастаған. Әмияннан 600 доллар (270 мың теңге шамасында) тапқан. Сөйтіп ақшаны алып, әмиянды күрткенің қалтасына қайта салып, мешіттен шығып кеткен.
Бұл фактіге қатысты Қылмыстық кодекстің 188-бабы (Ұрлық) бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізіліп жатыр.
Ұсталған адам кінәсін мойындады, заттай айғақтар тәркіленді. Қазір күдіктінің елорда аумағында бұрын жасалған осыған ұқсас қылмыстарға қатысы бар-жоғы тексеріліп жатыр.