АСТАНА, 14 ақпан – Sputnik. Қарағандыда Н.Нұрмақов атындағы мамандандырылған мектеп-лицей-интернатының оқушылары "Тарихи хикаялар" сериясымен комикс журнал шығара бастады, деп хабарлады оқу-ағарту министрлігінің баспасөз қызметі.
Қарағандылық оқушылар Қазақстан тарихын дәріптейтін комикс журнал шығарды
Тарих пәнінің мұғалімі Әсем Тарыбаеваның айтуынша, мақсат – тарих пәніне деген қызығушылықты заман өзгерістеріне сай насихаттау.
"Төменгі сынып оқушылары сурет арқылы ақпаратты тез қабылдайды және аниме, манга жанрына құмар. Мұны кітапханаға комикс сұрап келетін балалардың көптігінен байқап, 11-сыныптың оқушыларына қазақша комикс жасап көруді ұсындым. Олар бірден келісті. Алдымен тақырып таңдап, зерттеп іске кірісіп кетті де көп ұзамай мектеп басшылығының қолдауымен "Қазақ хандығының құрылуы" атты комикс дайын болды", - дейді ол.
Қарағандылық оқушылар Қазақстан тарихына арналған комикстердің суретін салып жатыр
Алғашқы 10 дана журнал мен комикстің электронды нұсқасы мектеп ішінде үлкен сұранысқа ие. Бұл Н.Нұрмақов атындағы мамандандырылған мектеп-лицей-интернатында комикс үйірмесінің ашылуына түрткі болды.
Қарағандылық оқушылар Қазақстан тарихына арналған комикстердің суретін салып жатыр
Қазір мұнда 15 бала жаңа жанрды иегеруде. Ашылғанына 1 ай болған үйірме қатысушылары "Тарихи хихикаялар" сериясының екінші шығарылымын ұлт ұстазы – Ахмет Байтұрсынұлының 150 жылдық мерейтойына арнап отыр.