Психикалық ауытқуы бар балаға оқуын жалғастыруға кім рұқсат бергені белгілі болды

ІІМ бірінші орынбасары Марат Қожаев Петропавлдағы мектепте үш баланы балтамен жарақаттаған оқушының психикасында проблема бар екенін растады
Sputnik
АСТАНА, 14 ақпан – Sputnik. Петропавлдағы 4-орта мектепте құрдастарын балтамен жарақаттаған 9-сынып оқушысына мектепте білім алуға Алматы қаласы Республиалық психикалық денсаулық ғылыми-тәжірибелік орталығы рұқсат берген. Бұл туралы ІІМ бірінші орынбасары Марат Қожаев мәлімдеді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
Оның айтуынша, күдіктінің психикалық денсаулығында проблема болған.
"Алматы қаласының Республиалық психикалық денсаулық ғылыми-тәжірибелік орталығы жалпы білім беру бағдарламасы бойынша оқуын жалғастыруға рұқсат берген", - деді Қожаев үкімет отырысында.
4-орта мектептің оқушылары екі ауысыммен сабақ оқиды. 39 сынып, 984 оқушы, мұғалімдер штаты – 70, оның ішінде біреуі психолог.
"Мектепте және оның аумағында 42 бейнебақылау камерасы және "СА BARS NEXT" ЖШС-ға қосылған 5 дабыл кнопкасы бар. Оқиға болған күні мектептің 1-қабатында күзетші-вахтер болған", - деді ішкі істер министрінің бірінші орынбасары.
Қожаев тергеу барысы бақылауға алынғанын атап өтті. Оның нәтижелері бойынша қылмыс пен заң бұзудың себептері мен жағдайларының алдын алу туралы ұсыным енгізіледі.
Петропавлда мектепке балтамен келген баланы оқушылар мен мұғалімдер ұстаған