Мәжіліс сайлауы: "Ауыл" партиясының кандидаттары тіркелді

Sputnik
АСТАНА, 14 ақпан – Sputnik. Орталық сайлау комиссиясы "Ауыл" халықтық-демократиялық патриоттық партиясының кандидаттарын тіркеді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
Комиссия төрағасы Нұрлан Әбдіровтың айтуынша, партия сайлау жарнасынан босатылады. Себебі бұған дейінгі сайлауда 5 процентен артық дауыс жинаған.
"Енді партияның сайлау қорын қалыптастыруға арнаулы уақытқа шот ашуға болады. Партиялық тізімді тіркеу туралы хабар орталық сайлау комиссиясының интернет ресурсында және бұқаралық ақпарат құралдарында жарияланады. Сондай-ақ тіркелген кандидаттарға тиісті куәліктерін беруді тапсырамын", - деді Әбдіров.
"Ауылдың" партиялық тізімі 25 адамнан тұрады. Олардың арасында президент сайлауына қатысқан Жигули Дайрабаев пен Қарақат Әбден бар.
Айта кетері, бүгінде барлығы 29 округ бойынша 609 кандидат ұсынылып отыр. Оның ішінде 7 саяси партиядан – 79 үміткер, төрт қоғамдық бірлестіктен – 5 кандидат, қалған 525-і – өзін-өзі ұсынғандар.
Кандидаттар мен саяси партияларды тіркеу 18 ақпан 18.00-ге дейін жалғасады. Сайлау алдындағы үгіт 18 ақпан 18.01-де басталып, 18 наурыз сағат 00.00-де аяқталады.
18 наурыз – тыныштық күні.
Айта кетері, парламент мәжілісі 98 депутаттан құралады: 69 депутат партиялық тізімдер бойынша, ал 29 депутат бірмандаттық аумақтық округтер бойынша сайланады.
Мәжіліс пен мәслихат депутаттарының кезектен тыс сайлауы 19 наурызда өтеді.