АСТАНА, 13 ақпан – Sputnik. Астаналық дәрігерлер бір тәулікте жүрегі 53 рет тоқтаған науқастың өмірін аман алып қалды. Бұл туралы №2 көпбейінді қалалық аурухананың дәрігерлері әлеуметтік желіде жазды.
Әйел 6 қаңтарда жедел жәрдем арқылы миокард инфарктімен өте ауыр жағдайда ауруханаға түскен. 10 минуттан кейін оған ота жасалды. Аурухана дәрігерлері пациенттің өмірі үшін 35 күн бойы күрескен.
"Науқастың қан айналымы қайта-қайта тоқтап тұрған. Күні-түні оның жүрегі бірде "іске қосылып", кейде тіпті мүлдем қағысын тоқтатты. Бір күн ішінде жүрегі 53 рет тоқтады. Содан кейін жасанды жүрек пен өкпе қызметін атқаратын экстракорпоральды мембраналық оттегімен қанықтыру жүйесін қосуға тура келді", - дейді дәрігерлер.
Ақ халаттылар 35 күн бойы науқас өмірінен үміт үзген жоқ, монитор бойынша тұрақты бақылау жүргізіп отырды. Осы уақыт ішінде әйелде қан кетіп, кейін қабыну реакциясы, сепсис және ағзалар жүйесінің жеткіліксіздігі пайда болған.
"Пациенттің бірнеше рет өмірге оралуы, оны аяққа тұрғызып қана қоймай, ағзаның барлық функциясын сақтап қалу, тіпті мұндай оталарды бірнеше рет жасаған тәжірибелі реаниматологтардың өзі мұны "медициналық ғажайыпқа" балайды", - дейді кардио ИТБ меңгерушісі Расул Сағнаев.
"Науқас аман қалды, есін біледі, бақытымызға орай, миы зардап шеккен жоқ. Бұл қабылдау бөлімшесі дәрігерлерінің, интервенциялық кардиологтардың, кардиохирургтардың, кардио БИТ бөлімшесі кезекші дәрігерлерінің, медбикелер мен санитарлардың үлкен командалық жұмысы екенін атап өткім келеді. Біз үшін бұл – үлкен жеңіс", - деді кардио ИТБ аға ординаторы Сәбит Айнамқұлов.
Қазіргі уақытта науқастың жағдайы бірқалыпты, интервенциялық кардиология бөлімшесіне ауыстырылды.