АСТАНА, 12 ақпан - Sputnik. Қазақстан әскери-көлік ұшағы жойқын жер сілкінісінен зардап шеккен сириялық Алеппоға гуманитарлық көмек жеткізді. Бұл туралы 24.kz хабарлайды.
Гуманитарлық миссияны президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасы бойынша үкімет жүзеге асырды.
Еске сала кетсек, қазақстандық үкімет Сирияға 50 тонна гуманитарлық көмек жөнелтілетінін хабарлаған болатын.
Бұл гуманитарлық миссия аясында барған екінші ұшақ. Жалпы Сирия қалаларына осындай төрт рейс жоспарланған.
Қазақстан тарапы Алеппоға шатыр, көрпе, матрац және зардап шеккендерге қажетті басқа да қажетті заттарды жеткізді.
Сириядағы жер сілкінісі салдарынан 3500-ден астам адам қаза тапты.
Аймақта құтқару жұмыстары жалғасып жатыр. Зардап шеккендер 16 ауруханада жатыр.
Сирияның солтүстік-батысына Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы дәрі-дәрмек жеткізді.