Қызылорда облысында ірі күріш өндірушілерге қатысты тергеу басталды

Sputnik
АСТАНА, 10 ақпан – Sputnik. Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігі Қызылорда облысындағы күрішті қайта өңдеуші-өндірушілерге қатысты бәсекелестікті қорғау саласындағы заңнаманың бұзылуын тергеп-тексеруді бастады.
Статистикалық деректерге сәйкес, Қазақстанда 2022 жылы күріш бағасы 36% қымбаттады. Қазіргі уақытта бағаның өсуі жалғасып жатыр, жыл басынан бері – 5,2%.
Күріш өңдеуші өндірушілердің айтуынша, өсім шикізат бағасы (шала-тазартылмаған күріш) және ең төменгі жалақының өсуімен байланысты.
Осы нарықта күрішті өңдеп-өндірумен 20-дан астам субъекті айналысады. Ал ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілер судың азаюы (ҰСБ деректеріне сәйкес 10%-ға), тыңайтқыш қосалқы бөлшектер, жанар-жағармайдың қымбаттауы салдарынан күріш алқаптары қысқарғанын хабарлады.
БҚДА күріш нарығына талдау жүргізіп, шикізат бағасының ең жоғары өсуі 2022 жылғы мамырда - 16%-ға, 2022 жылғы қыркүйекте 19%-ға төмендегенін анықтады. Сонымен қатар күріш өңдеуші-өндірушілердің қойған бағасы орта есеппен 25% өскен.
Нәтижесінде БҚДА Қызылорда облысының өндірушілері күріш бағасын бір мезгілде ұстап тұрғанын анықтады.
Осыған байланысты, БҚДА Қызылорда облысындағы күріш өндірушілерге қатысты келісілген іс-қимылдар бойынша 6 ескерту және Солтүстік Қазақстан облысындағы күрішті көтерме сатушының үстем жағдайды теріс пайдаланып, тең мәнді келісімдерге әртүрлі бағаны қолданғаны анықталған соң, 1 ескерту берілді.
Солтүстік Қазақстан облысының күрішті көтерме сатушысы хабарламаны орындап, бағаны 5%-ға төмендетті.
Ал Қызылорда облысында күрішті өңдеуші-өндірушілерге қатысты хабарламаны орындамау фактісі бойынша тергеп-тексеру тағайындалды.
Қазақстанда күріш жеткілікті – ауыл шаруашылығы министрі