АСТАНА, 10 ақпан – Sputnik. Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусин Түркияда қаза тапқан Мейірболат (Мирус) Құрмашев туралы пост жазды, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.
Мейірболат болашақ министрмен бір курста оқыған. Университетте оны "Мирус" деп атаған.
"Ол өте креативті еді, ауқымды дүниелер жасағысы келетін, адамдарды өзіне тартуды білетін, команда ұйымдастыруға мықты еді. Дінге де берік адам болды", - дейді Мусин.
Мейірболат Астана Хабты құруға да атсалысты. Өз көмегін аяған жоқ, тегін жұмыс істеді. Қолынан келгенше Қазақстанның IT-саласын дамытуға көмектесті. Қазақстанда бірнеше бизнес бастамалары да болған. 2020 жылы мемлекеттің қатысуымен бір-екі жобаны іске асырғысы келді.
"Бірақ мемлекет басшысы мені министр етіп тағайындаған кезде ол жобалардан өз еркімен бас тартты. Арамызда түсініспеушілік тудыратын жағдайларды болдырмау үшін идеяларымды шет елде жүзеге асырамын деді ол. Мирус – жиһанкез, біраз жерде болды, бірақ тұрақталу үшін Түркияны таңдап, соңғы екі жыл негізінен сол жақта тұрып жатты", - деп атап өтті министр.
Оның айтуынша, президенттің Анкараға ресми сапары алдында қазақстандық IT-мамандар сол жаққа барып, Ыстанбұлда бірнеше ірі IT-компаниясында болды. Соның бәрін Мирус ұйымдастырды.
"Біз оған Астана Хабтың өкілі болуды ұсындық, өйткені екі мемлекеттің хабтары мен мамандарын жақындастыратын адамның болуы маңызды еді.
Соңғы үміт оты сөнді. Сенгім келмейді…Соңына дейін үміттеніп едік. Алайда Мирус бауырымыздан айырылып қалдық… Иманды болсын! Жаның жәннаттан орын тапсын бауырым", - деп жазды Мусин.