Қоғам

XXI ғасырдағы мыңдаған адамның өмірін жалмаған жойқын жер сілкіністері

Түркия мен Сирияда үйінді астынан адамдарды іздеу-құтқару жұмыстары осымен төртінші тәулік жалғасып жатыр. Екі елде қаза болғандар саны 17 мыңнан асты
Sputnik
АСТАНА, 9 ақпан – Sputnik. Апат айтып келмейді. Түркия мен Сирия халқы ауыр күндерді бастан кешіруде. Дүйсенбі, 6 ақпанда болған зілзала миллиондаған адамның өмірін бір-ақ сәтте тас-талқан етті. Көз жұмғандар мен зардап шеккендер саны сағат сайын өсіп жатыр. Өкінішке қарай, мұндай табиғи апат адамзат тарихында аз болған жоқ. Sputnik Қазақстан XXI ғасырдағы жойқын жер сілкіністерін еске түсіруді жөн көрді.

Иран, 2003 жыл

2003 жылы 26 желтоқсанда Иранның оңтүстік-шығысындағы Бам қаласында ірі жер сілкінісі болды. Жерасты дүмпуі таңғы алтылар шамасында тіркелді. Тұрғындардың көбі қасиетті жұманың таңында ұйқысынан оянбады. Зілзала магнитудасы 6,7 балл болған.
Тарихи қаланың балшықтан соғылған үйлері жермен-жексен болды. 35 мыңға жуық адам үйінді астында қалып қаза тапты. Тағы 22 мыңнан астамы жарақат алды.
Табиғи апаттың салдарын жою үшін Иран билігі әлемдік қауымдастықтан көмек сұрады. Кейін ел үкіметі қаланы қалпына келтіру бағдарламасын жүзеге асырды.

Үнді мұхиты, 2004 жыл

Араға тура бір жыл салып Үнді мұхитында магнитудасы 9,3 баллға дейін барған жер сілкінісі тіркелді. Ошағы Индозенияның Суматра аралынан батысқа қарай 160 шақырымда, 30 шақырым тереңдікте болған.
Жойқын жер сілкінісінен кейін Индонезия, Таиланд, Шри-ланка, Үндістанның оңтүстігі мен Африканың шығыс жағалауында биіктігі 10 метрге дейін цунами көтерілді.
Табиғи апат 300 мыңға жуық адамның өмірін қиды, 2,2 миллионға жуық тұрғын зардап шекті.
Түрлі бағалаулар бойынша, дүлей зілзала мен цунами салдарынан Таиландқа 5 млрд доллар, Индонезияға – 4,5 млрд доллар, Үндістанға – 1,6 млрд доллар, Мальдив аралдарына1,3 млрд доллар экономикалық шығын келген.

Пәкістан, 2005 жыл

Адам шығынына әкеп соққан жер сілкінісі 2005 жылы 8 қазанда Оңтүстік Азияда – Пәкістан, Үндістан және Ауғанстанда қайталанды. Магнитудасы 7,6 құрады. Эпицентрі Пәкістан астанасы Исламабадтан солтүстік-шығысқа қарай 105 шақырымда орналасқан.
Бұл соңғы 100 жылда Оңтүстік Азиядағы ең жойқын зілзала болды. Апат салдарынан 100 шақырым жер жарылып, жол бойындағы барлық ғимарат опырылып түскен. Жерасты дүмпулері, тіпті, Қытайда, Тәжікстан және Қазақстанда сезілді.
Жер сілкінісінен Пәкістанда 86 мыңға жуық адам құрбан болды, 69 мыңнан астамы жарақат алды. Бұдан бөлек, 32 мыңнан аса ғимарат қирады.
Ал Үндістанда 1 350 адам ажал құшты, 6 266 адам зардап шекті. 4 миллионнан аса тұрғын баспанасыз қалды.

Қытай, 2008 жыл

12 мамырда Қытайдың Сычуань провинциясында жер сілкінді. Зілзала магнитудасы 7,9 балл, ошағы Чэнду қаласынан солтүстік-батысқа қарай 80 шақырым жердегі Вэньчуань уезінде болды.
Бейжің мен Шанхайда да жер сілкінді, қос қалада кеңсе ғимараттарынан қызметкерлер эвакуацияланды. Жерасты дүмпулерін Үндістан, Пәкістан, Таиланд, Вьетнам, Бангладеш, Непал, Моңғолия мен Ресей халқы да сезген.
Дүлей зілзала салдарынан 87 578 адам мерт болды, 370 мыңнан астамы жарақат алды. 15 млн адам үйлерін тастап қашуға мәжбүр болды, 5 миллионнан астамы үйсіз қалды.
10 провинцияда жер сілкінісінен барлығы 45,5 млн адам зардап шеккен. 5,36 млн ғимарат толығымен қирады, 21 миллионнан астамына зақым келді. Табиғи апат 86 млрд доллар экономикалық шығын келтірді.

Гаити, 2010 жыл

2010 жылы 12 қаңтарда Гаити астанасы Порт-о-Пренсте екі қуатты жерасты дүмпулері тіркелді. Магнитудасы 7 және 5,9 баллды құрады. Жер сілкінісінің ошағы 30 шақырым тереңдікте, астанадан оңтүстік-батысқа қарай 15 шақырым жерде болған.
Жерасты дүмпулері бір тәулікте Порт-о-Пренс қаласын 30 рет сілкіп өткен. Алғашқы ең қатты соққы кешке тіркелді, дүмпулер түні бойы жалғасқан.
Әртүрлі бағалаулар бойынша, зілзаладан 220 мыңнан 300 мыңға дейін адам құрбан болды. Үш миллионға тарта адам жапа шекті. Сондай-ақ 250 мың үй опырылып құлады.
Жалпы табиғи апат Гаитидің инфрақұрылымына орасан зор зиян келтірді, телефон байланысы мен электр энергиясы өшті. Президент сарайы, парламент, министрлік ғимараты, БҰҰ штаб-пәтері қирады. Мектептер мен ауруханалар үйіндіге айналды.
Дүлей зілзаладан, әсіресе, Гаити астанасы қатты зардап шекті. Қаладағы ғимараттардың тең жартысы қирады, әуежай терминалы мен диспетчерлік мұнара құлады.
Елдің экономикалық шығыны 7,9 млрд долларды құрады.

Жапония, 2011 жыл

2011 жылдың көктемінде Жапония халқы да жойқын зілзаланың куәсі болды. Елдің орталық және солтүстік-шығысында магнитудасы 9 балдық жер сілкінді. Ошағы Тынық мұхитының түбінде 10 шақырым тереңдікте, Сендай портынан шығысқа қарай 130 шақырымда тіркелді.
Жер сілкінісінің арты алапат цунамиге ұласты.
Табиғи апаттан кемінде 19 759 адам қаза тапты, тағы 6 242 адам жараланды, 2553 адам із-түссіз жоғалды.
Бұған қоса, цунамиден "Фукусима-1" атом электр станциясында апат болды, ауаға радиация тарады. Шығын 300 млрд долларға бағаланды.

Непал, 2015 жыл

Сегіз жыл бұрын 25 сәуірде Непалдың орталық бөлігінде жер сілкінді. Магнитудасы 7,9 балды құрады. Апат салдарынан 500 мыңнан астам тұрғын үй қирады, 269 мыңдай ғимарат зақымдалды.
Зілзала 8 964 адамның өмірін жалмады, 17,5 мың адам ауруханаға түсті.
Жерасты дүмпулерінен Эверест тауында қар көшкіні жүрді: 24 альпинист қаза тапты. Непал астанасы Катмандуда 1824-1832 жылдары бой көтерген тарихи Дхарахара мұнарасы құлады.
Дүмпулер, сондай-ақ Үндістан астанасы мен оның шығыс, солтүстік және солтүстік-шығыс штаттарында да сезілген. Бұл аймақта 60-тан аса адам көз жұмды, 250 адам жапа шекті.

Түркия және Сирия, 2023 жыл

6 ақпан күні Түркияның оңтүстік-шығысындағы Кахраманмараш провинциясында магнитудасы 7,7 жер сілкінісі болды. Жерасты дүмпулері елдің 10 провинциясында, сондай-ақ шекаралас Сирияда да сезілді. Алғашқы соққыдан кейін тағы 20-дан астам дүмпу тіркелген.
Түркия президенті Режеп Тайип Ердоған жер сілкінісін 1939 жылдан бергі елдегі ең ірі табиғи апат деп атады. Ол кезде зілзала Эрзинджан қаласын жермен-жексен етіп, 32 мыңнан аса адамның өмірін қиған еді.
Түркия мен Сирияда зардап шеккендерді құтқару жұмыстары осымен төртінші күн жалғасып жатыр. Құрбандар саны сағат сайын өсуде.
Соңғы деректерге сүйенсек, Түркияда көз жұмғандар саны 14 мың адамнан асқан, 64 мыңға жуығы зардап шекті. Сирияда 3 мыңнан астам адам қайтыс болды.
Қазір әлем елдері Түркияға қолдан келгенше көмек көрсетіп жатыр. Соның ішінде Қазақстан да бар. Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен Түркияға 1 млн доллар бөлінді, сондай-ақ Сирияға Ислам ынтымақтастық ұйымы арқылы гуманитарлық көмек жіберілетін болды.
Бұдан бөлек, қазақстандық құтқарушылар мен дәрігерлер Түркияның жойқын жер сілкінісінен зардап шеккен аймақтарына аттанды. Қазір олар түрік әріптестерімен бірге іздестіру-құтқару жұмыстарын жүргізіп жатыр.
Әлем
Чанаккале жақта жер сілкінісі болуы ықтимал – түрік сейсмологы