Экономика

"ҚазМұнайГаз" бен "Лукойл" Каспийдегі учаскені игеру бойынша бірқатар келісімге қол қойды

Sputnik
АСТАНА, 9 ақпан- Sputnik. "ҚазМұнайГаз" ұлттық компаниясы мен ресейлік "Лукойл" Каспий теңізінің қазақстандық секторындағы "Қаламқас-теңіз, Хазар, Әуезов" жер қойнауы учаскесін игеру жобасы бойынша бірқатар келісімге қол қойды. Бұл туралы бейсенбіде "Қазмұнайгаздың" баспасөз қызметі хабарлады.
"9 ақпанда Астанада "ҚазМұнайГаз" ҰК және "Лукойл" Каспий теңізінің қазақстандық секторында "Қаламқас-теңіз, Хазар, Әуезов" жер қойнауы учаскесін игеру жобасы бойынша бірқатар келісім жасасты. Тараптар "Kalamkas-Khazar Operating" ЖШС жарғылық капиталындағы 50% үлес салмағын сатып алу - сату шартына және оператор қызметіне қатысушылардың қаржыландыру шарттары туралы келісімге қол қойды", - деп нақтылады ҚМГ.
Құжаттар жер қойнауын пайдаланушының жер қойнауы учаскесін әзірлеу жөніндегі бірлескен қызмет шеңберінде құқықтары мен міндеттерін айқындайды. Осылайша, "Лукойл" Каспий қайраңындағы жер қойнауының осы учаскесін игеруде "ҚазМұнайГаздың" стратегиялық серіктесі болды, деп толықтырды ҚМГ баспасөз қызметі.
Келісімдер ҚМГ мен "Лукойл" арасындағы сатып алу - сату мәмілесі аяқталғаннан кейін күшіне енеді.
6 ақпанда Каспийдегі көмірсутектерді өндіруге "Лукойл" және ҚМГ бірлескен жобасы бойынша алғашқы тиімді келісімшарт жасалғаны хабарланған болатын.
Қаламқас-теңіз, Хазар және Әуезов кен орындары Каспий теңізінің қазақстандық секторында орналасқан.