АСТАНА, 9 ақпан – Sputnik. Астана қаласының әкімі Жеңіс Қасымбек биыл ескі үйлердің жаппай ысырылатынын мәлімдеді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
Бүгін Байқоңыр ауданының тұрғындарымен өткен кездесуде апаттық жағдайдағы үйлердің мәселесі қызу талқыланды. Ондай баспананың иелері көп келді. Біреулер апаттық үйлерді бұзу жоспарының кезексіз жүргізілетінін айтса, енді біреулер жаңа үйге көшіру шараларының ұзаққа созылып жатқанын жеткізді. Мәселен, Брусиловский көшесінде орналасқан екі қабатты үйдің шатыры опырылып түсті. Пәтердің иесі өзі жөндеген. Бірақ үйді әлі ысырмаған.
"Бірнеше жыл бұрын залдың төбесі опырылып түсті. Төрт балам бар. Абырой болғанда кермелі төбе болды, сол ұстап қалды. Ол үйдің шатыры шашылып жатыр. Мен төбені өз ақшама жасаттым, суды да, кәріз жүйесін де тарттым. 2005 жылдан бері үйді бұзу туралы ескертулер келеді. Бірақ ешқандай өзгеріс жоқ. Нақты қай кезде сүріп тастайтынын айтпай ма?", - дейді қала тұрғыны.
Теміржол өткелі жақта тұратын адамдар да қатты қиналып жүр. Барлығы барақ типтес үйде тұрады. Бірақ әлі күнге дейін апаттық үйлерді бұзу жоспарына ілінген жоқ. Ал Лермонтов көшесінде бірнеше үйді бұзған. Бірақ дәл жанында тұрған тағы бір ескі үйді қалдырып кеткен.
Әкімнің айтуынша, биыл реновация бағдарламасы қайта қаралады. Қауіпті жағдайда тұрған үйлерге басымдық беріледі.
"Қазір қала бойынша апаттық жағдайда тұрған 15 мың пәтер бар. Биыл реновация бағдарламасы жаңартылады. Ал үйлер жаппай бұзылады", - деді Қасымбек.