Қазақстандық құтқарушылардың екінші тобы Түркияға аттанады

Sputnik
АСТАНА, 8 ақпан – Sputnik. Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев жойқын жер сілкінісінің салдарын жоюға құтқарушылардың тағы бір бортын жіберуге тапсырма берді, деп хабарлайды төтенше жағдайлар министрлігі.
Ресми мәліметке сәйкес, екінші эшелонның құрамына 60 маман енді. Олардың ішінде құтқарушылар, апаттар медицинасы орталығының дәрігерлері мен кинологтар бар.
Осылайша, Газиантеп қаласындағы іздестіру-құтқару жұмыстарына қосылатын қазақстандық құтқарушылардың жалпы саны 100 адамға жетеді. Құтқарушылардың екінші тобы апаттық-құтқару құралдармен бірге дәрі-дәрмектің 160-тан астам түрін алып барады.
Айта кетері, бұған дейін қазақстандық құтқарушылар мінген ұшақ Түркияның Газиантеп қаласына қонды барды. Оларға іздестіру-құтқару жұмыстарын жүргізу үшін арнайы учаске берілді. Құтқарушылар өзімен бірге біраз құрал-жабдықтарды алып барды.
Соның ішінде гидравликалық және пневматикалық жабдықтар, гидравликалық домкраттар, пневмодомкраттар, перфораторлар, жарықтандыру құралдары, палаткалар, спутниктік терминал, каркасты модуль мен автотехника бар.
Айта кетері, арнайы ұшақ бүгін Астанаға қайтып шығады. Онымен Қазақстан мен Қырғызстан азаматтарын жіберуге шешім қабылданды.
Тоқаев Түркияға 1 миллион доллар жіберуді тапсырды