Қазақстандық құтқарушылар Түркияға жетті – видео

Sputnik
АСТАНА, 7 ақпан – Sputnik. Қазақстандық құтқарушылар мінген ұшақ Түркияның Газиантеп қаласына қонды, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан төтенше жағдайлар министрлігіне сілтеме жасап.
Жеке құрам техника мен жабдықтарды түсіріп, жергілікті билік органдарымен өзара іс-қимыл жасауға кірісті. Оларға іздестіру-құтқару жұмыстарын жүргізу үшін арнайы учаске беріледі.
Құтқарушылар өзімен бірге біраз құрал-жабдықты алып барды. Соның ішінде гидравликалық және пневматикалық жабдықтар, гидравликалық домкраттар, пневмодомкраттар, перфораторлар, жарықтандыру құралдары, палаткалар, спутниктік терминал, каркасты модуль мен автотехника бар.
Айта кетері, арнайы ұшақ бүгін Астанаға қайтып шығады. Онымен Қазақстан мен Қырғызстан азаматтарын жіберуге шешім қабылданды.
Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Айбек Смадияровтың айтуынша, сағат 15:00-ге дейін 18 адам елге қайтуға ниет білдірді. Олар - Қазақстанның 16 азаматы және Қырғызстанның 2 азаматы. Ұшақ шыққанша олардың саны көбеюі мүмкін.
"Бұл эвакуация емес. Арнайы борт Газиантеп қаласында тұрмайды, елге қайтып келуі керек. Сондықтан біржола адамдарды алып кетуге шешім қабылданды ", - дейді Смадияров.
Түркиядан арнайы бортпен 16 қазақстандық елге жеткізіледі