Әлем

Ердоған Түркияда 7 күндік жалпыұлттық аза тұту жариялады

Sputnik
АСТАНА, 7 ақпан - Sputnik. Түркия президенті Режеп Тайып Ердоған елдің 3 мыңнан астам азаматының өмірін қиған жер сілкінісіне байланысты жеті күндік аза тұту күнін жариялады.

"Елде жеті күндік аза тұту жарияланды. 12 ақпан күн батқанға дейін бүкіл елде және шетелдік өкілдіктерде Түркия туы төмен түсіріледі", - деп жазды Ердоған телеграм-каналында.

Дүйсенбі күні таңертең Түркияның оңтүстік-шығысында 7,7 балдық жер сілкінісі болды, деді Ердоған. Бұл 1939 жылдан бергі ең күшті жер сілкінісі. Соңғы мәліметтер бойынша, 2 921 адам қаза тауып, 16 мыңға жуық адам жарақат алған.
Сондай-ақ Сирияның бірнеше аймағында зардап шеккендер бар. Жер сілкінісі Ливан астанасы Бейрутта да сезілген. Сирияда қазіргі уақытта құрбандар саны 700-ден асады, 1,5 мыңға жуық адам зардап шекті.
Дүйсенбі күні түстен кейін тағы бір жер сілкінісі болды - түрік сейсмологтарының мәліметінше, магнитудасы 7,6.

Тоқаев шұғыл көмек көрсетуді тапсырды

Кеше Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев үкіметке Түркияның оңтүстік-шығысында болған жойқын жер сілкінісінің салдарын еңсеруде шұғыл көмек көрсетуді тапсырды.
Сыртқы істер министрлігі мен Төтенше жағдайлар министрлігі түрік билігімен байланыс орнатты.
Жақын арада Түркия үкіметінің өтініші бойынша зардап шеккен өңірлерге қазақстандық құтқарушылар мен дәрігерлер ұшады.