Диқандарға 413 мың тонна дизель отыны жеңілдікпен беріледі

Sputnik
АСТАНА, 7 ақпан – Sputnik. Биыл көктемгі егіс жұмыстарын жүргізуге шаруаларға 413 мың тонна дизель отыны бөлінеді, деп хабарлады ауыл шаруашылығы министрлігі.
Дизель отынының тапшылығын, сондай-ақ мұнай өңдеу зауыттарының біркелкі жүктемесін болдырмау үшін дизель отынын жеткізу ақпан айынан бастап кесте бойынша біркелкі жүргізіледі.
"Энергетика министрлігі ақпан айына дизель отынының кепілдік берілген көлемінің құнын МӨЗ-ден тоннасына 222 мың теңге деңгейінде айқындады. Жеткізу бойынша шығыстарды ескере отырып, қазақстандық шаруалар үшін жанармайдың түпкілікті құны жанармай құю станцияларының нарықтық бағасынан 15-20%-ға арзан болады", - деп жазылған хабарламада.
Дизель отынын жеткізу кезеңінде ауыл шаруашылығы министрлігі энергетика министрлігімен бірлесіп, өңірлерге МӨЗ-ден жөнелту кестесінің сақталуына күнделікті мониторинг жүргізеді.
2023 жылы облыс әкімдіктерінің деректеріне сәйкес, болжамды егіс алқаптары былтырғы көрсеткіштермен бірдей болады және 23 млн гектардан асады. Кем дегенде 18 мың гектарға қант қызылшасы егіледі. Сондай-ақ көкөніс, бақша және күріш дақылдарының алқабы кеңейеді деп болжанып отыр.
Субсидия алған диқандар көкөністі нарықтық бағамен сатуы керек – Жұманғарин