Жигули Дайрабаев пен Қарақат Әбден "Ауыл" партиясының тізіміне енді

"Ауыл" Қазақстанның халықтық-демократиялық патриоттық партиясы парламент сайлауына үміткерлер тізімін бекітті
Sputnik
АСТАНА, 4 ақпан – Sputnik. "Ауыл" партиясы республика парламенті мәжілісінің сайлауына қатысуға дайын екенін мәлімдеді.
"Біз парламент мәжілісі депутаттығына кандидаттардың партиялық тізімін бекітіп, бір мандатты округтер бойынша кандидаттарды ұсындық", - деді партия төрағасы Әли Бектаев сенбі күні өткен кезектен тыс съезде.
"Ауылдың" партиялық тізімі 25 адамнан тұрады. Олардың арасында президент сайлауына қатысқан Жигули Дайрабаев пен Қарақат Әбден де бар. Әбден съезде "Ауыл" партиясына өткенін хабарлады. Бір мандатты округтер бойынша ұсынылатын кандидаттар тізімінде тоғыз адам бар.
Еске салсақ, кандидаттар тізімін бұған дейін Қазақстанның халық партиясы, "Ақ жол" демократиялық партиясы, Жалпыұлттық социал-демократиялық партия және "Байтақ" жасылдар партиясы бекітті.
Бұған дейін Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев 19 қаңтарда мәжілісті таратып, палата депутаттарының кезектен тыс сайлауын 19 наурызға белгіледі. Парламент сайлауымен қатар қазақстандықтар барлық деңгейдегі мәслихат депутаттарын да сайлайды.