АЛМАТЫ, 3 ақпан – Sputnik. Ұлытау облысы Ұлытау кентінен 12 шақырым қашықтықтағы қыстақтан шаруа қожалығы иесінің денесі табылды, деп хабарлады Sputnik Қазақстанға облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметі.
31 қаңтарда сағат 18.30 шамасында Ұлытау кентінен 12 км қашықтықта орналасқан қыстақта адамның мәйіті табылғаны туралы ақпарат түскен. Ол 46 жастағы шаруа қожалығының басшысы екені, әрі зорлықпен өлтірілгені анықталған.
Жедел іздестіру кезінде полиция қызметкерлері осы шаруашылықтың 45 жастағы жұмысшысын ұстады.
Күдіктінің айтуынша, шаруа қожалығы басшысы екеуінің арасында жанжал болған. Кісі өлтірген адам өз әрекетінен кейін атпен қашып, жасырынбақ болған.
Қазіргі күні тиісті сараптамалар тағайындалып, "Кісі өлтіру" бабымен сотқа дейінгі тергеу жүріп жатыр. Күдікті қамауға алынды.