PlayStation 5 сатып алмақ болған әкімдіктің жоспары іске аспай қалды

Sputnik
АСТАНА, 3 ақпан – Sputnik. Текелі қаласының прокуратурасы әкімдікке PlayStation 5 ойын консолін сатып алуға рұқсат бермеді, деп хабарлайды "Наша Газета" порталы.
Прокурорлар бюджет қаржысы тиімсіз жұмсалады деген шешімге келді.

"Бұдан бөлек, ол қала халқының көңіл-күйіне кері әсер етіп, сайлау алдында БАҚ-та жағымсыз пікір туғызды", - дейді қадағалаушы органның өкілдері.

Прокуратура мемлекеттік сатып алудың күшін жойып, жергілікті билік органдарына келісімшартты бұзуға кеңес берді. Сондай-ақ, жауапты тұлғаларды тәртіптік жазаға тартуға ұсыныс енгізілді.
Айта кетері, бұған дейін Текелі қаласының әкімдігі PlayStation 5 және оған келетін бірнеше ойынды сатып алуға хабарлама жариялаған. Лоттың бағасы – 600 мың теңге.
Әкімдік ойын консолін мәдениет үйіне сатып алуды жоспарлаған. Ол жерде балалардың ойын бөлмесі ашылады. Бірақ әлеуметтік желіде әкімдікті сынаған адамдар көп болды.
Шымкентте кәсіпкер бес мың газтұтқышты әкімдіктің алдына тастап кетті